“Республика күні – бейбітшілік пен бірліктің мәнін ұғындыратын күн”: Арыстанғани Заппаров
Алматы қаласы полиция департаментінде Республика күніне арналған салтанатты сап түзеу рәсімі өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Департамент бастығы Арыстанғани Заппаров жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, бұл күннің еліміздің тәуелсіздігі мен ұлттық сананың жаңғыруының символы екенін атап өтті.
— Республика күні – бейбітшілікті, бірлікті және тәуелсіздікті қадірлеудің маңыздылығын еске салатын мереке. Заң мен тәртіпті күзетіп тұрған әрбір полиция қызметкері еліміздің мемлекеттік тұтастығы мен қауіпсіздігін нығайтуға өз үлесін қосуда. Біз Қазақстан Республикасына қызмет етіп жүргенімізді мақтан етеміз, — деді Арыстанғани Заппаров.
Іс-шара барысында қызметтік міндетін адал атқарған қызметкерлер марапатталып, оларға кезектен тыс және мерзімінен бұрын арнайы атақтар берілді.
Бұл күні тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен құқықтық тәртіп жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан ішкі істер органдарының ардагерлеріне ерекше алғыс сөздері айтылды.
Салтанатты сап түзеу полиция бөлімшелерінің шерулік жүрісімен аяқталып, ол антқа беріктіктің және қызметтік борышқа деген адалдықтың символына айналды.
