Қарағандыда полицейлер бірнеше ұрлық жасаған күдіктіні қолға түсірді
Қарағандыда полицейлер бірнеше ұрлық жасаған күдіктіні қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімшесіне 44 жастағы жергілікті тұрғын гаражынан велосипед ұрланғаны жөнінде арызданды. Белгісіз адамдар гараждың есігін бұзып кіріп, жәбірленушіге тиесілі мүлікті алып кеткен. Залал сомасы 57 мың теңгені құрады.
Сол күні тәртіп сақшыларына осы ауданнан тағы бір ұқсас хабарлама түскен. 71 жастағы әйел көрші көшеден гаражының бұзылғанын, белгісіз біреулер көлігін айдап әкеткенін және үйінен алтын әшекейлердің жоғалғанын хабарлаған.
Полицияның жедел іс-қимылының арқасында ұрланған автокөлік қылмыс орнына жақын маңнан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген жалпы залал мөлшері 500 мың теңге шамасында.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 31 жастағы Қарағанды тұрғынын анықтап, ұстады. Күдіктіден қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
