Ұлттық ұлан академиясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқықтық тәртіп әскерінде цифрландыру үдерісі жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы ретте ҚР ІІМ Ұлттық ұлан академиясында цифрландыру дәуіріндегі ақпараттық қауіпсіздік пен коммуникацияның жаңа бағыттарына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Жиын Петропавл қаласындағы Qyzyljar Creative Center алаңында ұйымдастырылды. Конференцияға отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, курсанттар мен студенттер қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – цифрлық трансформация кезеңінде әскери саладағы ақпараттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру және коммуникация мәдениетін жаңа деңгейге көтеру болды.

Қатысушылар әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды тиімді енгізу мәселелерімен қатар әлеуметтік желілердегі манипуляция, фейк контенттің таралуы секілді тақырыптарды да талқылады. Конференцияда академияның әскери педагогика және психология кафедрасының оқытушылары Болат Смағұлов, Александр Митяев және Қазыбек Мұратаевтың электронды оқу құралы түріндегі ұжымдық еңбегі таныстырылды.
Электронды оқу құралында Ұлттық ұланның стратегиялық коммуникацияларын жетілдіру жөніндегі ұсынымдар кешені, оның ішінде институционалдық, технологиялық және білім беру шаралары бірге қаралған. Оқу құралы HTML бағдарламасы тілінде орындалған және "Ақпараттық-психологиялық қарама-қайшылық", "Журналистика негіздері" пәндері бойынша курсанттарды даярлауға, сондай-ақ жеке құраммен тәрбие жұмысын жүргізуге арналған.

Конференцияда Ұлттық ұлан академиясының екінші курс курсанты Ислам Ауесхан ерекше белсенділік танытып, жасанды зияттың медиа ортадағы адам санасына ықпалы туралы өзекті баяндама жасады. Ол медиа платформалардағы алгоритмдердің пайдаланушылардың мінез-құлқын болжау мүмкіндігіне тоқталып, бұл үрдістің ақпараттық қауіпсіздік пен жеке кеңістікке әсерін саралады.

Ғылыми жиынға Қазақстан мен шет елдерден 65-тен астам ғылыми еңбек келіп түсті. Бұл цифрландыру тақырыбының әскери ғылымдағы өзектілігін және халықаралық ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанын көрсетті.
Конференция қорытындысы бойынша сарапшылар Ұлттық ұлан академиясы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан цифрландыру бағытындағы ғылыми зерттеулердің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Мұндай бастамалар әскери педагогика мен психология салаларының дамуына, сондай-ақ ақпараттық мәдениеті жоғары, цифрлық ойлау қабілеті бар офицерлер буынын қалыптастырудың негізін қалайды.
