Атырауда "Учаске" іс-шарасы аясында учаскелік полицейлер 200-ден астам тұрғын үйге тексеріс жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында республика көлемінде өткізіліп жатқан "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында бірқатар тексеру жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара шеңберінде Атырау қаласы полиция басқармасының учаскелік инспекторлары мен қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері бірлесіп, көпқабатты тұрғын үй кешендерінде рейдтік іс-шаралар өткізді.
Рейдтің негізгі мақсаты — учаскелік инспекторлар қызмет көрсететін аумақтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу, экстремизм мен терроризм көріністеріне жол бермеу, тұрғындармен сенімге негізделген өзара байланыс орнату, сондай-ақ пәтерлерді заңсыз жалға беру деректерін анықтау.
Тексеру барысында 250 пәтер қаралып, оның ішінде 25 жалдамалы пәтер анықталды. Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 492-бабы (Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру) бойынша 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, жедел-іздестіру шаралары кезінде күдік тудырған 6 тұлға анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Атырау қаласы полиция басқармасы азаматтарды заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алу шараларына белсенді қатысуға шақырады.
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері қызмет етіп келеді.