Семей колониясында ашық есік күні өтті
Семей колониясында ашық есік күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзеу мекемесінде сотталғандардың туыстары үшін ашық есік күні ұйымдастырылды. Көптеген адамдар үшін бұл күн ерекше мәнге ие болды — ұзақ жылдар бойы көрмеген жақындарымен қауышып, жылы құшаққа бөлену сәті. Бірі — күйеуін, бірі — әкесін, енді бірі ағасын көріп, сағынышын басты.

Іс-шара кезінде ұрлық үшін жазасын өтеп жатқан 35 жастағы сотталған азамат он жасар ұлын алғаш рет көрді.
– Бұрынғы жұбайыммен он екі жыл бұрын таныстық. Сол кезде біздің махаббатымыз мәңгілікке созылады деп ойлаған едік, – деп еске алады ол.
– Ұлымыз үш жасқа толғанда, ажырасудың дұрыс шешім болатынын түсіндік. Содан кейін әркім өз өмірін жалғастырды. Кейін бұрынғы әйелім басқа отбасын құрды, ал мен қателіктер жіберіп, жеті жылға бас бостандығынан айырылдым. Мұнда келген соң, отбасының, баланың қадірін шын түсіндім. Таныстар арқылы бұрынғы жұбайыммен байланысып, ұлымызды алып келуге ұзақ уақыт көндірдім. Бүгін ол келісті, бұл – менің соңғы жылдардағы ең бақытты күнім, – дейді сотталған.
Кездесуден кейін ер адам эмоциясын жасыра алмады. Ұлын құшақтап, қолын бір сәтке де жібермеді. Оның көзінде қуаныш пен өкініш аралас жас тұрды.
– Ұлымның маған қарай жүгіріп келіп, құшақтаған сәтін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол мезетте ішімде бәрі төңкерілді. Мен ол үшін өзгеруім керек екенін түсіндім. Бұл жерден мүлде басқа адам болып шығып, баламды енді ешқашан жоғалтпауға уәде беремін, – деді ол.
Мұндай іс-шаралар сотталғандардың әлеуметтік байланыстарын сақтауға, босатылғаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
– Жақын адамдармен кездесу – сотталғандардың өмірлік бағдарын түзеуге, дұрыс жолға түсуге көмектесетін маңызды фактор. Біз өз қателігін түсінген адамға жаңа құндылықтармен қоғамға оралуға мүмкіндік жасауға тырысамыз, –деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Жасұлан Арынов.
Іс-шара жылы әрі рухани атмосферада өтті. Сотталғандар мекеме басшылығына туыстарымен қауышуға мүмкіндік бергені үшін ризашылықтарын білдірді. Көпшілігі үшін бұл кездесу тек мереке ғана емес, өмірін қайта бастауға серпін берген ерекше күн болды.
 
						
 
											