Абай облысындағы колонияда сотталғандар түрлі халықтардың мәдениетін таныстырды
Абай облысындағы колонияда сотталған әйелдер түрлі халықтардың мәдениетін таныстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты әйелдер мекемесінде ерекше мәдени кеш ұйымдастырылды. Онда түрлі ұлт өкілдері болып табылатын сотталған әйелдер өз халықтарының дәстүрін ән, би және шығармашылық нөмірлер арқылы көпшілікке таныстырды.

Мерекелік шара тек концерттік бағдарлама ғана емес, ұлтаралық бірліктің шынайы көрінісіне айналды. Мекемеде қазақ, орыс, кәріс, филиппин және молдаван ұлттарының өкілдері жазасын өтеп жатыр. Бұл күні олардың әрқайсысы өнер тілі арқылы өз мәдениеті мен рухани құндылықтарын жеткізуге мүмкіндік алды.

Сахнада халық әндері шырқалып, ұлттық билер орындалып, салт-дәстүр элементтері көрініс тапты. Шараға дайындықтың өзі қатысушыларды жақындастырып, ерекше мәнге ие болды. Көпшілігі үшін бұл өз тамырына қайта үңіліп, рухани тұрғыдан жаңғыруға жол ашқан әсерлі кезеңге айналды.
Сотталған әйелдердің бірі бұл шараның өзі үшін ерекше маңызға ие болғанын атап өтті:
- Бұл мерекеге дайындық барысында өзімді қайтадан үйімде жүргендей сезіндім. Ата-анамыздан естіген әндерді, отбасымызда сақталған дәстүрлерді еске алдық. Бір сәтке қай жерде екеніңді ұмытып, өз мәдениетіңнің жылуын ғана сезінесің. Бұл – жай ғана өнер көрсету емес, өз болмысыңды сақтау, тамырыңды жоғалтпау мүмкіндігі. Осындай сәттер адамға күш беріп, өмірге жаңаша көзқараспен қарауға, алда бәрін өзгертуге болатынына сенім ұялатады, - деді ол.

Мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранованың айтуынша, мұндай бастамалардың тәрбиелік маңызы зор:
— Қазақстан халқының бірлігі күні – біздің күшіміз көптүрлілікте және өзара құрметте екенін айқындайтын мереке. Мекеме жағдайында біз сотталғандардың дамуына, олардың әлеуетін ашуға және мәдени болмысын сақтауға жағдай жасауға ұмтыламыз. Шығармашылық арқылы төзімділік, өзара түсіністік пен жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтар қалыптасады. Бұл олардың қайта әлеуметтену үдерісіне оң әсерін тигізеді, - дейді ол.
Осындай мәдени іс-шаралар ұлтаралық келісімді нығайтуға, мәдени әртүрлілікке деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар олар сотталғандардың қоғаммен байланысын сақтап, болашақта толыққанды өмірге оралуына дайындалуында маңызды рөл атқарады.
