Астана бойынша ҚАЖД-да бірлік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
Астана қаласы ҚАЖ департаментінде бірлік күніне арналған мерекелік іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай кең ауқымды, мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған мерекелік іс-шара өтті.

Аталған мерекеге департаменттің жеке құрамы, қарасты мекемелер мен пробация қызметінің қызметкерлері белсене қатысты. Сондай-ақ шараға ардагерлер, зейнеткерлер, қызметкерлердің ата-аналары, отбасы мүшелері мен балалары арнайы шақырылып, мерекелік көңіл-күйдің ажарын аша түсті.
Мерекелік бағдарлама аясында мазмұнды концерттік қойылымдар ұсынылды. Әрбір мекеме түрлі этностардың мәдениетін таныстырып, өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, №64 мекеме ұжымы өзбек халқының, №2 мекеме – орыс халқының, №3 мекеме – түрік халқының мәдениетін дәріптесе, департамент пен пробация қызметі қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттады. Қатысушылар ұлттық киім үлгілерін киіп, әсем билер мен әндер орындап, ұлттық тағамдар мен дәстүрлерді көпшілік назарына ұсынды. Әрбір қойылым көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Сонымен қатар іс-шара барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар арқан тарту, гір көтеру және қол күрес сынды сайыстарда өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Рустан Ахметжановтың атынан арнайы грамоталармен және кубоктармен марапатталды.
Бұл мерекелік шара ұлттар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайтып, ел бірлігінің маңызын айқындайтын тағылымды іс-шара ретінде есте қалды. Көпұлтты ұжымның ұйымшылдығы мен татулығы айқын көрініс тауып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
