Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атыраудағы қауіпсіз қала қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыс

Атырауда қала қауіпсіздігі бейнебақылау арқылы қамтамасыз етілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел басқару орталығы – қала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тіректердің бірі. Бейнебақылау жүйелері арқылы құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, тиісті ақпарат жедел түрде полиция нарядтарына жолданады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары шұғыл әрекет етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алып, олардың жолын кеседі.

Атырау қаласы полиция басқармасы жедел басқару орталығының инспекторы Парасат Гилманов – бейнебақылау арқылы қала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған тәжірибелі мамандардың бірі. Ішкі істер органдарында 10 жылдан астам уақыт бойы абыройлы қызмет атқарып келе жатқан ол бүгінде аталған орталықта инспектор қызметін атқарады.

Парасат үшін ең басты құндылық – халықтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы. Ол өз міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарап, тәулік бойы қала тыныштығын қадағалайды. Әрбір жағдайды жіті бақылап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және оларды дер кезінде тоқтатуға бар күш-жігерін салады.

Мәселен, кезекшілік барысында ол бейнебақылау арқылы қала аумағында бір топ жасөспірімдердің өзара жанжалға түсіп, әлімжеттік көрсеткенін байқайды. Бұл туралы дереу патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар беріліп, олар оқиға орнына жедел жетеді. Үйлесімді әрі шұғыл әрекет ету нәтижесінде құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, жасөспірімдер ішкі істер органдарына жеткізіледі. Олардың ата-аналары шақыртылып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар бейнебақылау инспекторларының тұрақты бақылауында. Соның нәтижесінде құқық бұзушылықтардың алдын алу, оларды дер кезінде анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру