Астанадағы ҚАЖД мекемесінде жеке қабылдау ұйымдастырылды
Астана қаласы бойынша ҚАЖД бастығы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Астана қаласы бойынша өкілі №64 мекемеде азаматтарды қабылдады - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Баян Жалғамағанбетова мен Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Рустан Ахметжанов №64 мекемеде ұсталатын азаматтармен жеке қабылдау өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, сондай-ақ қажетті құқықтық көмек көрсету болды.
Қабылдау барысында азаматтарды толғандырған өзекті мәселелер қаралып, әрбір өтініш бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жеке қабылдаудан кейін департамент бастығы мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекеме аумағын аралап, әлеуметтік-тұрмыстық және режимдік нысандардың жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ олар жақын арада пайдалануға берілетін жаңа әкімшілік ғимаратты көрді. Аталған нысанда тергеумен қамауға алынған азаматтардың адвокаттармен, қоғамдық қорғаушылармен және өзге де тұлғалармен кездесулер өткізуіне арналған 20 заманауи тергеу кабинеті қарастырылған.
Жаңа ғимарат заңмен кепілдендірілген құқықтарды іске асыруға қолайлы жағдай жасауға, кездесулерді тиімді ұйымдастыруға және мекеме инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға беру алдындағы соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Мұндай іс-шаралар адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметіндегі ашықтық пен тиімділікті арттыруға ықпал етеді.
