Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада жастарды қайта әлеуметтендіру мәселелеріне арналған кездесу өтті

Астана қаласында Қазақстанның Азаматтық Альянсы алаңында жастарды қайта әлеуметтендіру, әлеуметтік бейімдеу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара "ReStart" әлеуметтік жобасы аясында өткізіліп, оған Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар қауымдастығы, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, жоба серіктестері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастарды қоғамға бейімдеу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Қатысушылар психологиялық және құқықтық сүйемелдеу, кәсіптік бағдар беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету және қоғамға қайта кіріктіру тетіктерін талқылады.

Астана қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік, тәрбие және психологиялық жұмыс бөлімінің бас маманы Әсел Макашева сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмыстары олардың мекемеге келген алғашқы күнінен басталатынын атап өтті.

- Біздің басты міндетіміз – сотталғандарды бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге жан-жақты дайындау. Осы мақсатта мекемелерде тәрбиелік, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, дүниетанымын кеңейтуге және оң құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған дәрістер, кездесулер, кино көрсетілімдері ұйымдастырылады. Сонымен қатар түрлі шығармашылық байқаулар өткізіледі. Жуырда ғана сотталғандар арасында шығарма жазу байқауы ұйымдастырылды. Спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар да жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Мұның барлығы олардың түзелуіне, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне және бостандыққа шыққаннан кейін әлеуметтік ортаға табысты бейімделуіне бағытталған, – деді ол.

Сондай-ақ конференция барысында жоба аясында жүзеге асырылған пилоттық бастамалар мен тәжірибелер таныстырылып, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды.

Іс-шарада жастардың қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеуі мен олардың қоғамға табысты бейімделуін қамтамасыз етудегі кешенді жұмыстың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Қатысушылар осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтып, тиімді тәжірибелерді кеңінен енгізуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру