Алматыдағы "Рубеж" бекеттерінде мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Алматыдағы "Рубеж" бекеттерінде мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында биыл 19 мамырдан бастап жаңартылған форматта жұмысын бастаған "Рубеж" бекеттері өз тиімділігін көрсетіп келеді. Қаланың негізгі кіреберіс және шыға беріс бағыттарына орналастырылған сегіз бекет арқылы транзиттік көлік қозғалысына тәулік бойы бақылау жүргізілуде.
Жаңартылған жұмыс тәртібі енгізілген уақыттан бері шамамен бір жарым мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген.
Атап айтқанда, көлік құралдарының атмосфераға бөлетін зиянды қалдықтарының белгіленген нормадан асуы бойынша 500-ге жуық дерек анықталған. Сонымен қатар 88 жүргізуші көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Техникалық байқаудан өтпеген көліктерді пайдалану бойынша 125 факт, сақтандыру полисінсіз көлік басқарудың 61 жағдайы тіркелген. Мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз жүрген 7 көлік және қауіпсіздік белдігін тақпаған 122 жүргізуші анықталған.
Тексеру барысында заңсыз тасымалданған 111 тыйым салынған зат тәркіленді. Оның ішінде 109 суық қару (пышақтар мен кастеттер) және 2 атыс қаруы бар.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, "Рубеж" бекеттері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қоғамдық тәртіпті нығайтудың маңызды құралына айналып отыр.
- "Рубеж" бекеттері – қалаға кіреберістегі қауіпсіздік сүзгісі. Мұнда көліктердің техникалық жай-күйі мен заң талаптарын бұзу деректері анықталады. Тыйым салынған заттарды тасымалдау фактілерінің жолын кесу арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосып келеміз, – деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, алдағы уақытта бекеттердің жұмысы тұрақты түрде жалғасып, басты назар алдын алу шараларына аударылады.
- Басты мақсатымыз – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу. Сондықтан жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, техникалық байқаудан уақытылы өтуге және көліктің техникалық жағдайына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Бұл – заң талабы ғана емес, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігі үшін маңызды, – деді басқарма басшысы.
