ШҚО-да полицейлер жол қауіпсіздігін күн сайын бақылауда ұстайды
Жолдағы қауіпсіздік ережелерді сақтауға ғана емес, жол инфрақұрылымының жай-күйіне де байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстарды ШҚО ПД жол-техникалық инспекция қызметінің қызметкерлері күн сайын бақылауда ұстайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бөлімше қызметкерлері жолдарды тексеріп, шұңқырлар, жол жабынындағы ойықтар және басқа да ақауларды анықтайды. Сонымен қатар жол белгілерінің, бағдаршамдардың және жол таңбаларының жай-күйін, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскелерде қозғалысты ұйымдастыру талаптарының сақталуын бақылайды.
Жыл басынан бері жалпыға ортақ пайдаланылатын тасжолдар мен көше-жол желісінің 35 мың шақырымнан астамы тексеріліп, 2 500-ден астам ақау мен заң бұзушылық тіркелген.
Осыған байланысты коммуналдық және жол ұйымдарына 200-ден астам міндетті нұсқама берілді. Жолдарды тиісінше күтіп-ұстамағаны үшін 280-нен астам лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Инспекция нұсқамалары бойынша 1 500-ден астам жол белгісі орнатылып, ауыстырылды, сондай-ақ шамамен 150 мың шаршы метр жол таңбасы жаңартылды.
Қауіпсіз жол – ең алдымен, талапқа сай жол инфрақұрылымы. Сондықтан оның жағдайын бақылау және анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
