Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО- да полиция ардагерлері жас қызметкерлерге ақыл-кеңес берді

ШҚО- да полиция ардагерлері жас қызметкерлерге ақыл-кеңес берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде жас қызметкерлердің кәсіби қалыптасуына және қызметтік тәжірибесін жетілдіруге бағытталған кездесу өтті. Ішкі істер органдарының ардагерлері жас полицейлермен кездесіп, көп жылғы қызмет барысында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті.

Қызметтің алғашқы жылдары – кәсіби дағдылар қалыптасып, жұмысқа деген көзқарас пен жеке жауапкершілік орнығатын маңызды кезең. Бұл уақытта тәжірибелі әріптестердің қолдауы, ақыл-кеңесі мен өнегесі жас мамандар үшін ерекше маңызға ие.

Кездесуді департаменттің тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов ұйымдастырды. Әңгімеге ішкі істер органдарының ардагері Айбек Жақанбаев та қатысты. Жиынға криминалдық полиция бөлімшелерінің жас қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары қатысты.

Ардагерлер қызметтік міндеттерді орындау үлкен жауапкершілікті талап ететінін атап өтті. Олар кәсіби тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, сабырлылық пен табандылықтың, заңды жетік білудің және азаматтарға құрметпен қараудың маңыздылығына тоқталды.

Өйткені полицейдің кәсібилігі тек ашылған қылмыстар мен қызметтік көрсеткіштер арқылы ғана емес, күнделікті түрлі жағдайларда өзін қалай ұстайтыны, шешім қабылдау қабілеті мен азаматтармен қарым-қатынасы арқылы да бағаланады.

Кездесу барысында тәлімгерлік институтының рөліне де ерекше назар аударылды. Тәжірибелі әріптестің қолдауымен жас қызметкер теориялық білімін тәжірибеде қолдануды, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдауды және қызметтік тәртіптің мәнін терең түсінуді үйренеді.

Мұндай кездесулердің маңызы – кейінгі буынға кәсіби тәжірибені ғана емес, мамандыққа деген адалдықты, жауапкершілік пен дұрыс ұстанымды да жеткізу. Кейде көп жылдық қызмет жолынан түйген бір ауыз ақыл жас маманның кәсіби қалыптасуына, болашақтағы шешімдері мен қызметтік бағытына ықпал етуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру