Аға буынның киберқауіпсіздігі: ШҚО-да "Құқықтық қамқорлық" акциясы басталды
Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында "Құқықтық қамқорлық" профилактикалық акциясы басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акцияны ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Нұрай Арыстанбек облыс прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараның алғашқы кездесуі Өскемен қаласындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығында өтті.

Кездесу барысында зейнеткерлерге киберқылмыстың кең таралған түрлері мен алаяқтық схемалары түсіндіріліп, интернеттегі қауіпсіздік ережелері туралы маңызды ақпарат берілді. Мамандар қаскөйлердің арбауына түспеу үшін қандай сақтық шараларын сақтау қажеттігіне тоқталды.
Әсіресе жеке деректердің қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Қатысушыларға банк картасының деректемелерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын және жеке құжаттардың мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдардың өтініші бойынша белгісіз қосымшаларды орнатпау және күмәнді қоңырауларға сақтықпен қарау жөнінде кеңестер берілді.

Іс-шара барысында азаматтарға практикалық көмек көрсетіліп, интернеттегі қауіпсіздікке қатысты сұрақтарына мамандар жауап берді.
"Құқықтық қамқорлық" акциясы алдағы уақытта да жалғасады. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, ықтимал қауіптер туралы хабардар ету және интернет-алаяқтықтың құрбаны болудың алдын алу.
