Өскеменде автошеру аясында тұрғындарға интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді
ШҚО-да Лондон – Өскемен халықаралық автошеруінің қорытынды шарасы өтті. Ауқымды шараға қала тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері осы мүмкіндікті пайдаланып, азаматтарға цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік ережелерін еске салды.
Іс-шара барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын схемалары, олардың арбауына түспеудің жолдары және күмәнді жағдайларда қандай әрекет жасау керектігі түсіндірілді.
Шараға қатысушылар мен қонақтарға интернеттегі қауіпсіздік жөніндегі пайдалы кеңестер жазылған жадынамалар таратылды.
Полицейлердің айтуынша, басты ережелердің бірі – бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк картасының деректері мен өзге де құпия ақпаратты бермеу. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпей, бөгде адамдардың нұсқауымен ақша аудармау қажет.
Автошеру мәресіне жеткенімен, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғаса береді.
