Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында мас жүргізушілер мен есірткі қолданған жаяу жүргіншілер ұсталды

Қарағанды облысында "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Рейдтің алғашқы тәулігінде патрульдік полиция қызметкерлері мас күйде көлік басқарған 6 жүргізушіні көлік басқарудан шеттетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиғалардың бірі облыс орталығында тіркелді. Патрульдік экипаждың назарына маневр жасау қағидаларын елемей, жолда апатты жағдай туғызған Mercedes-Benz автокөлігі іліккен.

Құжаттарды тексеру барысында тәртіп сақшылары жүргізушіден алкогольдің өткір иісін сезген. Медициналық куәландыру ер адамның орта дәрежеде мас болғанын растады. Деректер базасын тексеру кезінде құқық бұзушының бұған дейін де осындай әрекеті үшін жауапқа тартылғаны анықталды. 2023 жылы ол осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны үшін көлік басқару құқығынан айырылған.

Тағы бір мас күйдегі жол қозғалысына қатысушы Ботақара кентінде ұсталды. Патрульдік полиция қызметкерлері құжаттарын тексеру үшін мотоцикл жүргізушісін тоқтатқан. Оның мас болуы мүмкін деген күдік туындап, сараптама нәтижесінде ер адамның алкогольдік масаң күйінің орташа дәрежеде екені анықталды.

Бұдан бөлек, Қарағанды қаласында полицейлер екі жаяу жүргіншінің бұзақылық әрекеттерінің жолын кесті. Ер адам мен әйел адам көшеде өтіп бара жатқан адамдарға қатысты агрессивті мінез-құлық танытқан. Оларды наркологиялық сараптамаға жеткізу нәтижесінде орынсыз әрекеттерінің себебі белгілі болды: ұсталғандардың қанынан синтетикалық α-PVP есірткісінің метаболиттері анықталды.

Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралын мас күйінде басқармауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады. Әрбір азаматтың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру