Жетісуда киберполиция мемлекеттік қызметшілерге интернеттегі қауіптерден сақтану жолдарын түсіндірді
Жетісу облысында киберқылмыстың алдын алу және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін арттыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Еркін ауылдық округі әкімдігінің ұжымымен кездесіп, интернет-алаяқтықтың алдын алу және цифрлық кеңістікте қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру мәселелерін түсіндірді.

Кездесу барысында полицейлер интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдеріне тоқталды. Атап айтқанда, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде хабарласу, фишингтік сілтемелер жіберу, аккаунттарды бұзу, жалған мемлекеттік ресурстарды пайдалану, сондай-ақ азаматтардың жеке және банктік деректерін заңсыз иемдену әрекеттері туралы айтылды.
Қызметтік міндеттеріне байланысты ақпаратпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілердің ақпараттық қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Полицейлер мұндай азаматтардың мақсатты кибершабуылдардың нысанына айналуы мүмкін екенін ескертті.

Мамандар құпиясөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және банк карталарының деректерін ешкімге хабарламауға шақырды. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, ақпаратты ұйымдардың ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажеттігін атап өтті.
Киберполиция қызметкерлерінің айтуынша, алаяқтар көбіне өздерін басшы, әріптес, банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге психологиялық қысым көрсету арқылы қажетті ақпаратты алуға тырысады.
Мұндай профилактикалық кездесулер азаматтардың киберсауаттылығын арттырып, цифрлық кеңістіктегі қауіптерді дер кезінде тануға және интернет-алаяқтықтың құрбаны болмауға бағытталған.
