Жетісу облысының полициясында үздік қызметкерлер марапатталды
Жетісу облысының полициясында тоғыз айдың қорытындысы шығарылып, үздік қызметкерлер марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінде жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған аппараттық кеңес өтті. Жиында есепті кезеңнің нәтижелері сараланып, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полицейлер марапатталды.
Көп жылғы мінсіз қызметі үшін Дәулет Смахов пен Мұхтар Бертісов құрметті еңбек демалысына салтанатты түрде шығарып салынды. Сондай-ақ учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметкерлері және Алакөл мен Балқаш көлдерінде шомылу маусымы кезінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен полицейлер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Арнайы жедел әрекет ету жасағы қызметкерлерінің спорттағы жетістіктері де атап өтілді. Әмбебап жекпе-жектен 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өткен жарыста Мақсат Оңалбаев екінші, ал Мәди Досмұхамбетов бірінші орын иеленді. Екі спортшы да Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
Кеңес барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және полиция қызметіне цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.
Есепті кезеңде облыста ұрлық қылмыстары 16,5%-ға, интернет-алаяқтық 20,4%-ға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 11,3%-ға, ал көшелердегі қылмыстар 19,9%-ға төмендеді.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында да бірқатар нәтижеге қол жеткізілді. Заңсыз айналымнан 647 келі есірткі заты тәркіленіп, екі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Тергелген қылмыстық істер бойынша келтірілген мүліктік залалдың шамамен 1,6 млрд теңгесі, яғни жалпы соманың 90,7%-ы өтелді.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басты назарда болды. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 3,3%-ға, ал қаза тапқандар саны 11,2%-ға азайды. Жыл басынан бері полицейлер қоғамдық қауіпсіздік саласында 55 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Кеңесте тәлімгерлер мен тәлімгерлік кеңесінің жұмысына да назар аударылды. Тәлімгерліктің негізгі мақсаты — жас мамандарға кәсіби тәжірибе беру, қызметтік тәртіпті нығайту және олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру.
Жиын соңында жеке құрамға Ішкі істер министрінің тапсырмалары жеткізілді. "Заң мен тәртіп" қағидатын жүйелі түрде іске асыру, халықпен тығыз байланыс орнату, полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және азаматтардың сенімін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Жетісу облысы полициясының негізгі міндеттері — азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
