Павлодарда полицейлер тұрақ ережелерін бұзған жүргізушіні жауапқа тартты
Павлодар облысының полицейлері мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орындарын заңсыз иеленгені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлікті тұраққа қою талаптарын бұзу өзге жол қозғалысына қатысушыларға қолайсыздық туғызып қана қоймай, жол қауіпсіздігіне де кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе, мүгедектігі бар адамдарға арнайы бөлінген тұрақ орындарын тиісті негізсіз пайдалану олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді.
Мәселен, полицияға заңбұзушылықтың фотосуреті қоса тіркелген хабарлама келіп түскен. Павлодар қаласының тұрғыны Peugeot автокөлігінің жүргізушісі мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орнына көлігін қойғаны туралы хабарлаған.
Оқиға орнына барған полиция қызметкерлері көлік иесін анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды. Сондай-ақ жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін сақтау және өзге қатысушылардың құқықтарын құрметтеу қажеттігі түсіндірілді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 1 389 азамат "Омниканальность Police 102" мобильді қосымшасын пайдаланған.
Полиция өкілдері тұрғындарды құқық бұзушылықтардың куәсі болған жағдайда "102" арнасына хабарлауға немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы мәлімет жіберуге шақырады. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау – баршаға ортақ міндет.
