Интернет-алаяқтықтан сақ болыңыз: Атырауда полицейлер тұрғындарға ескерту жасады
Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру және интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келген азаматтарға интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері түсіндіріліп, киберқылмыскерлерден қорғану жолдары туралы ақпарат берілді.
Полиция қызметкерлері алаяқтардың жалған банк қызметкерлері ретінде қоңырау шалуы, күмәнді сілтемелер арқылы жеке мәліметтерді иемденуі, жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдауы мүмкін екенін ескертті.
Жыл басынан бері Атырау облысында 500-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, оның 100-ге жуығы сотқа жолданған.
Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сақтықпен қарауға, банк картасының деректері мен SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге бермеуге, сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.
Қарапайым сақтық шаралары – интернеттегі қауіптен қорғанудың ең тиімді жолдарының бірі.
