Алматыда полиция студенттер жатақханаларындағы қауіпсіздік жағдайын тексеруде
Алматыда полиция студенттер жатақханаларындағы қауіпсіздік жағдайын тексеруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Полиция қызметкерлері ALT University студенттерінің жатақханаларын аралап, қауіпсіздік жағдайымен танысты.
Полицейлер жатақханадағы тұрмыс жағдайын тексеріп, студенттермен ашық форматта кездесті. Кездесу барысында жастарды толғандырған мәселелер тыңдалып, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сондай-ақ киберқауіпсіздік, интернет-алаяқтық, есірткіге байланысты қауіп-қатерлер, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу мәселелері талқыланды.
Студенттерге қауіп төнген немесе жанжал туындаған жағдайда не істеу керектігі, сондай-ақ көмек алу үшін полицияға жүгіну тәртібі түсіндірілді.
Профилактикалық іс-шараға 621 студент қамтылды. Ашық форматта өткен кездесу жастарға өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, полиция қызметкерлеріне сұрақ қоюға мүмкіндік берді.
Алматы қаласы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев профилактикалық жұмысты жастарға барынша жақын форматта жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
- Студенттерге қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп қана қоймай, олардың пікірін тыңдау да маңызды. Сондықтан жатақханаларға барып, студенттердің тұрмыс жағдайымен танысып, жастармен тікелей сөйлесіп, сауалдарына жауап береміз. Мұндай формат ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Тимур Ноғайбаев.
Студенттер жатақханаларындағы профилактикалық аралау жұмыстары жалғаса береді.
