Жамбыл облысында полицейлер жас ұрпаққа Абай мұрасын насихаттады
Сарысуда полицейлер оқушыларға Абайдың "Қара сөздерін" тарту етті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сарысу ауданына қарасты Саудакент, Өндіріс және Ұйым ауылдарының тұрғындарымен "Есірткісіз ауыл" тақырыбында кездесулер өткізді.
"Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған кездесулерде есірткіге тәуелділіктің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және балалар мен жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бұл бағытта тұрғындардың белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу барысында спикерлер есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстың нәтижелі болуы отбасы, мектеп, мемлекет және қоғамның бірлескен іс-қимылына байланысты екенін жеткізді. Әсіресе жасөспірімдердің қызығушылығы мен араласатын ортасына назар аудару қауіптің алдын алуға және олардың күш-жігерін пайдалы іске бағыттауға мүмкіндік беретіні айтылды.
Іс-шаралар ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен ғана шектелмеді. Тұрғындар мен оқушылар мемлекеттік органдар және қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
Кездесу соңында полицейлер оқушыларға Абай Құнанбайұлының "Қара сөздер" кітабын сыйға тартты. Ұлы ойшылдың тағылымға толы еңбегі жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне, өмірге жауапкершілікпен қарауына және дұрыс құндылықтарды қалыптастыруына бағытталған.
