Павлодар облысында кәріз және су құдықтарының жай-күйі тексерілуде
Ақсу қаласында кәріз және су құдықтарының жай-күйі тексерілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсу қаласында бүлінген және ашық қалған құдықтардың жай-күйін тексеру мақсатында бірлескен рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Оған Ақсу қаласы полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы және «Ақсу су арнасы" МКК мен "Теплосервис-Аксу" КМК өкілдері қатысты.
Аралау барысында қала көшелеріндегі мәселелі учаскелер тексеріліп, бүлінген, ашық қалған немесе жөндеуді қажет ететін құдықтар анықталды. Жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қауіп төндіруі мүмкін орындарға ерекше назар аударылды.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін учаскелер белгіленді. Коммуналдық қызмет өкілдеріне анықталған ақауларды уақытылы жойып, құдықтарды қауіпсіз жағдайға келтіру қажеттігі ескертілді.
Мұндай бірлескен іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылымның тиісті жағдайын сақтауға бағытталған.
Ақсу қаласының полициясы коммуналдық қызметтерді анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюға, ал тұрғындарды бүлінген немесе ашық қалған құдықтар туралы тиісті қызметтерге хабарлауға шақырады.
