Абай облысында полицейлер студенттерге кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беруде
Абай облысында полицейлер студенттерге кәсіби тәжірибе жинауға мүмкіндік беруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы полиция департаменті мен Alikhan Bokeikhan University болашақ заңгерлерді кәсіби даярлау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруда. Дуалды оқыту бағдарламасы аясында студенттер полиция қызметімен танысып, теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алып отыр.
Бұл туралы "Мамандыққа студенттік кезден бастап" атты подкастта Абай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Елдос Закимов айтып берді.
Оның сөзінше, бағдарламаның басты мақсаты – жастарға болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу.
- Университетте студенттер теориялық білім алады, ал бізбен ынтымақтастық аясында сол білімнің полиция қызметінде қалай қолданылатынын көреді. Криминалистикалық полигонда тәжірибелік сабақтар өткізіп, мамандардың жетекшілігімен кәсіби дағдыларын қалыптастырады, – деді Елдос Закимов.
Сонымен қатар университеттің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасымен бірлесіп құрылған киберорталықта сабақтар ұйымдастырылады. Оған полицияның 25 кәсіби қызметкері мен студенттер қатысады.
Подкаст барысында студенттер тәжірибелі қызметкерлермен тікелей пікір алмасу, тергеу жұмысының ерекшеліктерін зерделеу және кәсіби бағыттарын айқындау мүмкіндігіне ие болғандарын атап өтті.
Болашақ мамандарды қолдаудың тағы бір бағыты – департамент жанындағы "Жас процессуалист" клубы. Бүгінде оның құрамында заң факультетінің 24 студенті бар.
Бағдарламаның нәтижесі де нақты. 2022 жылдан бері Абай облысы полиция департаментіне Alikhan Bokeikhan University-дің "Құқық қорғау қызметі" білім беру бағдарламасын аяқтаған 30 түлек жұмысқа орналасқан. Оның алтауы биыл қызметке қабылданды. Сонымен қатар департамент тергеушілерінің 38 пайыздан астамы осы университеттің түлектері.
- Біз үшін жастардың полицияға саналы түрде келуі, қызметтің міндеттері мен азаматтар алдындағы жауапкершілікті түсінуі маңызды. Дуалды оқыту студенттерге қызметтің ерекшеліктерімен алдын ала танысып, болашақ кәсібіне дайындалуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Елдос Закимов.
Подкаст соңында Елдос Закимов студенттерді тәжірибелік сабақтарға белсенді қатысуға, сұрақ қоюға және кәсіби біліммен қатар тәртіп пен жауапкершілікті дамытуға шақырды.
