Абай облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілді
Абай облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түнгі профилактикалық рейдтер күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
24-31 қазан аралығында өңірде "Демалыс" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру.
Полиция қызметкерлері жүргізген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде бірқатар құқық бұзушылық анықталды.
Іс-шараның аралық қорытындысы:
– 113 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды;
– 101 кәмелетке толмаған полиция органдарына жеткізілді. Олардың 98-і түнгі уақытта анықталған;
– 82 жағдайда жасөспірімдердің заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде болғаны тіркелді;
– 21 жағдайда кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі анықталды;
– қолайсыз отбасылардағы 103 тұрмыстық жағдай тексерілді;
– бала тәрбиесі жөніндегі міндеттерін орындамаған 3 ата-ана есепке қойылды.
Түнгі бақылаудың мақсаты — жазалау ғана емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әрбір рейдтің негізгі міндеті — балалардың құқықтарын қорғау, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және ықтимал құқық бұзушылықтарға жол бермеу.
Полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарын, қоғамдық аумақтарды және қолайсыз отбасыларды тексеру барысында кәмелетке толмағандардың құқықтарының сақталуына ерекше назар аударады. Заң талаптарын бұзу фактілері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Полиция ата-аналарға үндеу жасайды: балаңыздың қайда жүргенін, кіммен араласатынын және үйге қай уақытта оралатынын бақылаусыз қалдырмаңыз. Жасөспірімнің қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыз. Бала тәрбиесіндегі жауапкершілік мектеп пен құқық қорғау органдарына ғана емес, ең алдымен ата-анаға жүктеледі.
