Алматыда полиция мен еріктілер заңсыз жазуларға қарсы бірлескен жұмыс жүргізуде
Алматыда қала аумағын заңсыз жазулар мен граффитиден тазарту жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы алдын алу және анықтау шараларына қоғам өкілдері де белсенді түрде атсалысып жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бостандық ауданында аудандық полиция басқармасының қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, қала инфрақұрылымы нысандарына рұқсатсыз жазылған жазуларды анықтап, жоюға бағытталған акция өткізді.
Іс-шара барысында қатысушылар көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, рұқсатсыз салынған жазуларды анықтады. Сонымен қатар оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданды.
Әсіресе тыйым салынған заттарды жарнамалау мақсатында салынған жазуларға баса назар аударылды. Полиция мұндай әрекеттің жай ғана зиянсыз әуестік емес, заңнамада жауапкершілік көзделген құқық бұзушылық екенін ескертеді.
- Қала кеңістігі – бәрімізге ортақ. Сондықтан оның тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау полиция мен коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ міндеті. Азаматтарды бейжай қалмай, заңсыз жазулар анықталған жағдайда бұл туралы тиісті органдарға хабарлауға шақырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында Алматының таза әрі қауіпсіз қала болып сақталуына үлес қоса аламыз, – деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Денис Лоскутов.
