Шымкентте заңсыз айналымнан 316 келі есірткі заты тәркіленді
Шымкентте заңсыз айналымнан 316 келі есірткі заты тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманбек Сахов "Қарасора-2025" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы туралы мәлімдеді.
Есірткі қылмыстарымен күреске бағытталған республикалық арнайы операция маусым айының басынан қазан айының соңына дейін жүргізілді.
Құрманбек Саховтың айтуынша, бес айға созылған ауқымды шара барысында есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 254 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде есірткіні сату, заңсыз өсіру, аса ірі көлемде сақтау, жарнамалау және өзге де қылмыстық әрекеттер бар.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы салмағы 316 келі есірткі заты тәркіленді. Оның 20 келіден астамы – синтетикалық есірткі, бұл шамамен 40 мың бір реттік дозаға тең.
Есірткі өсімдіктерін заңсыз егіп-өсіру деректерін анықтау мақсатында арнайы жедел топтар құрылып, рейдтік іс-шаралар өткізілді. Егістік алқаптарын әуеден бақылау үшін пилотсыз ұшу аппараты (дрон) пайдаланылды. Тексеру нәтижесінде қала шетіндегі егістік аумақтан жалпы салмағы 127 келі болатын 52 түп сора мен марихуана тәркіленді. Күдікті есірткі өсімдіктерін көкөністер арасына жасырып еккені анықталды.
Сондай-ақ синтетикалық есірткіні байланыссыз жолмен (жасырын тасымалдау тәсілімен) таратумен айналысқан 27 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Тексеру кезінде одан жалпы салмағы 500 грамнан асатын 180 орама және жеке полиэтилен пакетке салынған ұнтақ түріндегі есірткі заттары табылып, тәркіленді.
– Барлық анықталған деректер бойынша қылмыстық істер қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді полиция өкілі.
Қалалық полиция департаменті өңірде "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту және есірткі құралдарының заңсыз айналымының жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.
