Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада полицияның гарнизондық жиыны және жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті

Қызылордада полицияның гарнизондық жиыны және жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласындағы Тағзым алаңында облыстық полиция департаментінің жеке құрамының қатысуымен қысқы киім үлгісіне ауысуға арналған саптық байқау және гарнизондық жиын өтті.

Іс-шараны Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы  Серік Ергешов басқарды. Жиынға департамент аппаратының және қалалық полиция басқармасының жеке құрам қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, сондай-ақ қызметтік автокөлік бөлімшелері қатысты. Барлығы 10 саптық қорап сап түзеді.

Жиын барысында жеке құрамның сыртқы келбеті, киім үлгісі, қызметтік куәліктері мен айырым белгілерінің белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Сондай-ақ қызметкерлердің жинақылығы, ұқыптылығы, шаш үлгісі мен киім тазалығы назардан тыс қалмады.

Полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығы пысықталды. Департамент бастығы Серік Ергешов қызметкерлердің сыртқы түрін, куәліктерін жеке өзі тексеріп, бөлім басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– Тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – бүгінгі күннің басты талабы. Қызмет барысында халықпен сыпайы қарым-қатынас орнатып, құқық бұзушылыққа жол бермеу – әр полицейдің міндеті. Сондықтан да тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында бар күш-жігерімізді жұмылдыру қажет, – деді департамент бастығы.

Жиын барысында салтанатты түрде жас қызметкерлердің ант қабылдау рәсімі өтті. Полиция қатарына жаңадан қабылданған тоғыз жас маман Отанға, халыққа адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ант берді.

Серік Ергешов жас тәртіп сақшыларын ант қабылдауларымен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.

Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары кәсіби нәтижелерге қол жеткізген 20 полиция қызметкері Алғыс хатпен марапатталды. Олардың қатарында патрульдік полиция, ювеналды және учаскелік инспекторлар, Ұлттық ұлан мен мамандандырылған күзет қызметінің өкілдері бар.

Іс-шара соңында полиция қызметкерлері оркестр сүйемелдеуімен салтанатты маршпен жүріп өтіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті.

Қазіргі таңда өңірде қоғамдық тәртіпті сақтау шаралары күшейтілген режимде жүргізілуде. Полицейлер күнделікті жаяу және автопатрульдік құрамдарда бекітілген аймақтарда тәулік бойы қызмет атқаруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру