Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған кешенді акция өтті

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған айлық аясында Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Қызылорда қалалық саябағында кешенді профилактикалық акция ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, қоғамда есірткінің заңсыз айналымына төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және тұрғындардың есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға белсенді қатысуын ынталандыру.

Акцияның салтанатты бөлімінде Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары С. Тоқтыбаев сөз сөйлеп, есірткіге қарсы күресте мемлекеттік органдардың, қоғамның және жастардың бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталды. Ол нашақорлықтың алдын алу есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің грамотасымен есірткіге қарсы профилактика жөніндегі кеңестің жұмысына елеулі үлес қосқан екі азамат марапатталды. Сонымен қатар есірткіге қарсы профилактикалық іс-шараларға белсенді қатысқан 15 азамат, сондай-ақ есірткіге қарсы тақырыптағы журналистер байқауының 11 жеңімпазы мен жүлдегері марапаттарға ие болды.

Іс-шара барысында есірткіге қарсы мазмұндағы театрландырылған пролог пен заманауи би қойылымдары ұсынылды. Сондай-ақ жергілікті өнерпаздар мен қазақстандық эстраданың жас жұлдызы Досбол Нұрылла өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Акция аясында қатысушылар арасында есірткінің алдын алу және салауатты өмір салты тақырыбында викторина ұйымдастырылды. Оның қорытындысы бойынша үш жеңімпаз дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Акцияның кішкентай қонақтарына арнайы естелік сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл күй сыйланды.

Аталған іс-шара құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының және жастардың күш-жігерін біріктіре отырып, қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды профилактикалық бастама болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру