Көкшетауда 2 мыңға жуық тұрғынды біріктірген есірткіге қарсы ауқымды акция өткізілді
Халықаралық нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Көкшетау қаласында "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында "Мен есірткісіз өмірді таңдаймын!" атты кең ауқымды акция өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала жағалауында ұйымдастырылған іс-шараға екі мыңға жуық тұрғын қатысып, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бастамасын қолдады. Акцияға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, прокуратураның, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, еріктілер, жастар бірлестіктері, спортшылар мен облыс орталығының тұрғындары қатысты.
Іс-шараның ашылуында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова мен Ақмола облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ерлан Акбаров сөз сөйлеп, нашақорлыққа қарсы тиімді күрес мемлекет, қоғам және жастардың бірлескен іс-қимылы арқылы ғана нәтижелі болатынын атап өтті. Сондай-ақ олар алдын алу шаралары азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі болып қала беретінін айтты.
Акция барысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға және есірткіге қарсы еріктілер қозғалысын дамытуға үлес қосқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар көшбасшылары, спортшылар мен белсенділер бар.
Ұйымдастырушылар бір ай бойы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жастармен кездесулер ұйымдастырған және есірткінің таралуының алдын алуға бағытталған әлеуметтік жобаларға белсенді қатысқан еріктілерге ерекше алғыс білдірді.
Сондай-ақ қатысушылар алдында Ақмола облысы прокуратурасы басқармасының бастығы Арман Садыханов пен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі, "Думан" педагогикалық жасағының төрағасы Сұлтанбек Бекешев сөз сөйлеп, акцияның маңыздылығына тоқталды.
Іс-шара аясында концерттік бағдарлама, жас каратэшілердің көрме қойылымдары, тақырыптық викториналар, "Сенім" оңалту орталығының қойылымы және бас жүлдесі велосипед болған мерекелік лотерея ұйымдастырылды.
Көрермендердің ерекше ықыласына "Зерделі ұрпақ" жастар бірлестігінің форум-театры ие болды. "Жастар мен есірткі" спектаклінде өмірлік жағдайлар арқылы тыйым салынған заттарды қолданудың зардаптары көрсетіліп, салауатты өмір салтын таңдаудың маңызы насихатталды.
Акция мерекелік концертпен және хедлайнер Әли Өтеновтың қатысуымен өткен Open Air бағдарламасымен қорытындыланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар – Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан кешенді профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі. Қоғамда есірткі құқық бұзушылықтарына мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды жасампаз бастамаларға тарту арқылы қоғамдық қауіпсіздік нығайып, есірткісіз өмірді саналы түрде таңдайтын ұрпақ тәрбиеленеді.
