Алматы облысында табиғатты қорғауға бағытталған "Браконьер" іс-шарасы өтуде
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және заңдылықты нығайту мақсатында қолға алынған "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында Алматы облысының аумағында 20 қазан мен 19 қараша аралығында "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылау, заңсыз аңшылық пен балық аулауға жол бермеу және олардың алдын алу.
– Іс-шара барысында полицейлер табиғатты қорғау саласындағы 146 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 9-ы – қылмыстық, ал 137-сі – әкімшілік істерге жатады. Тәртіп сақшылары су биоресурстарын заңсыз аулау, аңшылық ережелерін бұзу, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау және алып жүру фактілерін тіркеді, – деп атап өтті табиғатты қорғау полициясының өкілдері.
Тәртіп сақшылары табиғатты аялаудың маңызын түсіндіру және экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында халық арасында белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Полиция тұрғындарды табиғатты қорғау заңнамасын қатаң сақтауға, қоршаған ортаға ұқыппен қарауға шақырады. Аңшылық пен балық аулаудың белгіленген ережелерін бұзу – заң алдында жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.
