Ақтөбеде полицейлер оқушыларға жол қауіпсіздігін түсіндірді
Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері мектептерде қауіпсіздік сабақтарын өткізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласында полиция департаментінің қызметкерлері №30 жалпы білім беретін мектептің оқушылары үшін кезекті қауіпсіздік сабақтарын өткізді. Полиция өкілдері жоғарғы сыныптың оқушыларымен кездесіп, жол қозғалысы ережелерін сақтау, өрт қауіпсіздігінің негіздері және жеке қауіпсіздік шаралары сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды.
Кездесу барысында оқушылар офицерлердің әңгімесін қызығушылықпен тыңдап, қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі алгоритмдерін еске түсіріп, бекітті. Негізгі мақсат — балалардың өмірі мен денсаулығына төнетін кез келген қауіптің алдын алып, олардың сапалы білім алып, бақытты балалық шақ кешуіне жағдай жасау.
Іс-шара кезінде полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетов кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталып, тәртіптілік пен жеке жауапкершіліктің маңызын, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігін атап өтті. Ол оқушыларды жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға, абай болуға және өз қатарластарына үлгі болуға шақырды.
Сонымен қатар балалар алдында қызметтік иттермен келген кинологтар сөз сөйлеп, иттердің дайындық элементтерін және қызмет ерекшеліктерін көрсетті. Сондай-ақ төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өрт кезінде және төтенше жағдай туындаған сәттерде іс-қимыл ережелерін түсіндірді.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында өңірде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олар заңға бағынатын әрі қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі саналады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың, педагогтардың және ата-аналардың ортақ міндеті.
