Абай облысында полицейлер алтын бұйымдар ұрлығын әшкереледі
Абай облысында полицейлер алтын бұйымдар ұрлығын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының полициясына 41 жастағы әйелден шағым түсті. Ол өз өтінішінде жатын бөлмесіндегі шкафтан алтын зергерлік бұйымдары жоғалғанын хабарлаған. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 1 272 000 теңгені құрады.
Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол – Семей қаласының 30 жастағы тұрғыны. Полиция бөліміне жеткізілген әйел жасаған іс-әрекетін мойындап, ұрланған бұйымдарды сатып жібергенін, сол себепті оларды қайтару мүмкін еместігін түсіндірді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге процессуалдық мәжбүрлеу шарасы ретінде келу туралы міндеттеме қолданылды.
Полиция азаматтарға бағалы заттарды сақтау кезінде сақтық шараларын күшейтуді ескертеді. Қауіпсіздік мақсатында сенімді құлыптар мен сейфтерді қолдану, сондай-ақ бөгде адамдарға баспанаға еркін қолжетімділік бермеу ұсынылады.
