Көлік полицейлері теміржол арқылы тасымалданған ірі ұрлықты әшкереледі
Көлік полицейлері теміржол арқылы тасымалданған ірі ұрлықты әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Алматы облысы аумағында жасалған ірі көлемдегі түсті металл ұрлығын ашты. Оқиға 2024 жылғы 23 қыркүйекте Іле ауданының Жетіген станциясында болған.
Майқұдық – Жетіген бағыты бойынша келе жатқан жүк контейнерінен белгісіз адамдар жалпы құны 2 млн теңгеден асатын 23 мыс табақты ұрлап кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қонаев станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері қылмыстық топтың бес мүшесін анықтап, ұстады. Олардың барлығы Алматы және Жетісу облыстарының бұрын сотталған тұрғындары. Қаскөйлердің қылмыстық әрекеті тоқтатылды.
ЖҚАЖ қызметкерлері жүргізген арнайы операция кезінде Алматы қаласында күдіктілердің үшеуі бір мезетте ұсталды. Кейінірек тергеуден жасырынбақ болған тағы екі сыбайласы анықталып, қолға түсті. Бөгде мүлікті алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, ірі көлемде ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру және шектеу жазаларын тағайындады.
Көліктегі полиция департаменті көлік инфрақұрылымы нысандарында мүліктік қылмыстардың алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып келеді. Сондай-ақ жазаның бұлтартпастығы қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі екенін ескертеді.
