Қарағандыда полицейлер "Донор күні" акциясына қатысты
Қарағандыда полицейлер ЖКО құрбандарын еске алу күні қарсаңында донорлық акцияға қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дүниежүзілік жол-көлік оқиғалары құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қарағанды облысында жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы өтіп жатыр. Осы игі бастама аясында 100-ден астам патрульдік полицей қан тапсырды. Бұл – жол-көлік оқиғаларынан кейін өмір үшін күресіп жатқан жандарға көрсетілген маңызды көмек.
– Жол апатына түскен зардап шегушілердің өмірін сақтап қалуда дер кезінде көрсетілетін медициналық көмек, соның ішінде донорлық қанның маңызы өте зор екенін жақсы білеміз. Жолдағы қауіпсіздік әрбір жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жеке жауапкершілігінен басталатынын ұмытпауымыз керек, – деді Қарағанды облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Бекзат Саулембаев.
Жыл басынан бері Қарағанды облысында 825 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, мыңнан астам адам жарақат алған.
"Донор күні" акциясы – қоғамның назарын жол қауіпсіздігіне аударуға, сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсетудің маңызын түсіндіруге бағытталған әлеуметтік бастама.
