Алматыдағы аудандардың бірінде 200-ден астам есірткі жарнамасы жойылды
Алматыда аудандардың бірінде 200-ден астам есірткі жарнамасы жойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда полиция Әуезов ауданының Комьюнити орталығы және Jas Volunteers еріктілері бірлесіп, есірткі саудасын насихаттайтын интернет-ресурстарға сілтеме беретін тыйым салынған жазбаларды өшіру акциясын өткізді.
Тек бір күннің ішінде осындай 200-ден астам жазба жойылды. Бұл шара Профилактика жылы аясында ұйымдастырылды.
– Қаланы есірткі жарнамасынан жүйелі түрде тазалап келеміз. Әрбір жазба жастарды нысанаға алатын қылмыстық схемаға апарады. Есірткі таратушыларға еш мүмкіндік бермейміз. Еріктілерге алғыс айтамыз! Күшіміз – бірлікте, – деді Алматы қаласы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Полиция алматылықтарды мұндай жазбаларды байқаса, дереу хабарлауға шақырады. Осылайша оларды жедел жоюға әрі есірткі қатерінің таралуының алдын алуға болады.
