Полиция Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған атыс қаруын тапты
Алматыда полицейлер ұрланған қару жасырылған орынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен жедел тергеу тобы және прокуратураның сотқа дейінгі тергеу басқармасы Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған атыс қаруын тапты.
Алматы қаласының Жетісу ауданында Жансүгіров көшесінің бойындағы Үлкен Алматы каналының жанындағы бос ғимараттың ішінде тегіс ұңғылы 12 калибрлі атыс қаруы табылды.
Табылған атыс қаруын криминалдық және ұрланған қарулар базасынан сериялық нөмірімен тексеру барысында жоғалған қару екені расталды.
Бұл қару 2022 жылы қаңтарда Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі "Оружейник" дүкенінен жоғалған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
