СҚО-да ПД бастығы қауіпті жол учаскелерін тексерді
СҚО-да ПД бастығы қауіпті жол учаскелерін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы, полиция Айдын Қабдұлдинов Петропавл қаласының маңындағы жол қауіпсіздігі жағдайын жеке өзі тексеріп, полицияның кешенді күштерінің саптық қарауын өткізді.

Саптық қарау барысында Қабдұлдинов ауа райының қолайсыздығы жағдайында жол және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жеке құрамның дайындығын тексерді. Ол бағыныстыларға жол қозғалысын барынша бақылауды қамтамасыз ету, адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін тәуекелдерді төмендету жөнінде тапсырма берді. Нөсер немесе көктайғақ жағдайында автокөлік иелерінің қысқы шиналарға уақытылы көшуіне, жылдамдық режимін сақтауына, маневр жасау ережелерін орындауына және шаршаған күйде көлік басқаруға жол бермеуге ерекше назар аудару қажеттігі айтылды.

Бұдан кейін Айдын Қабдұлдинов "Оңтүстік" бақылау-өткізу пунктіндегі патрульдік полицияның жұмысын тексерді. Мұнда инспекторлар жүргізушілермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, ол "ҚазАвтоЖол" АҚ облыстық филиалының өкілдерімен бірге автокөлік қозғалысы қарқыны жоғары айналма жолының "Оңтүстік" бақылау пунктінен Омбы айналма жолына дейінгі бөлігін аралады. Бұл учаске – облыс орталығының ең апатты аймақтарының бірі.

Биыл Челябі – Новосібір автожолының осы бөлігінде екі өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Біреуі – қарсы бетке шығу салдарынан болған соқтығысу, екіншісі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Бұл екі апатта 6 адам қаза тауып, 1 адам жараланды.
Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да 532 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Онда 47 адам қаза тауып, 699 адам жарақат алды. Автожолдағы қауіпсіздікке әсер ететін негізгі факторлардың бірі – мас күйде көлік жүргізу. Сондай-ақ облыс жолдарында 1075 мас жүргізуші ұсталды, олардың 394-і бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған. Сонымен қатар 37 жүргізушіге қылмыстық іс қозғалды.
Жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзушылықтарының алдын алу, мас жүргізушілерді және бұрын құқығынан айырылғандарды анықтау – "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасы аясында полиция жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
