Жетісу облысында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды
Жетісу облысында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысының прокуратурасында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне арналған алқа отырысы өтті. Отырыс барысында құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі атап өтілді. Полиция, прокуратура және тиісті құрылымдардың үйлесімді жұмысы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда шешуші рөл атқаратыны айтылды.
Облыс прокуроры Бауыржан Жумақанов отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін жеткізді. Оның айтуынша, профилактикалық жұмыстың тиімділігі әрбір жағдайды терең әрі жүйелі зерттеуге байланысты. Қақтығыстарға тек жауап беру жеткіліксіз, олардың себептері мен пайда болу жағдайларын анықтау – алдын алу іс-шараларын нәтижелі етудің басты шарты.
Отырыстың қорытындысында алдын алу шараларының тек қызметтік міндет емес, азаматтық жауапкершілік екені атап өтілді. Құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы неғұрлым тиімді болса, өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету соғұрлым нәтижелі болмақ.
