Ел сенімін ақтаған тәртіп сақшысы
Ақтөбе облысында ел сенімін ақтаған тәртіп сақшысы жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты Т.Жүргенов ауылының учаскелік полиция инспекторы Дархан Кемелтаевты ауыл түгілі, ауданда білмейтін адам жоқтың қасы.
Жергілікті тұрғындар оны әрдайым сәлемі түзу, қашан да көмек қолын созуға даяр, тәрбиелі, әрі қарапайым жан деп сипаттайды.
Ауылдың үлкен-кішісі Дарханның адалдығы мен адамдығын бағалайтыны сонша, полицияға қатысты мәселеде тек қана Дарханды талап етеді.
– Халықтың Дарханға сенімі ерекше. Оған қатысы жоқ сұрақтарды да тек Дарханға айтамыз деп хабарласады, – дейді әріптестері.
Бұл сенім аудан аумағында қауіпсіздікті арттыруға мол ықпал етуде.
– Халықтың сенімі – менің қызметке келген күннен бергі басты ұстанымым. Біздің басты мақсатымыз жазалау емес - қорғау екенін әрбір жас маманның санасына сіңіруге тырысамыз, – деп тұжырымдайды.
Өткен жылы су тасқыны кезінде адамдарды етігімен су кеше жүріп құтқарған жанкешті полицей, ауылдан Ақордаға арнайы шақыртылып, Президент қолынан "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
