Атырау облысы полиция департаментінде "Қауіпсіз қоғам, қауіпсіз аула" форумы өтті
Атырау облысы полиция департаментінде "Қауіпсіз қоғам, қауіпсіз аула" форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" қағидатын нығайту, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Атырау облысы полиция департаментінде "Қауіпсіз қоғам, қауіпсіз аула" форумы өтті. Форумға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев, департамент бастығының орынбасары Ерлан Бигамбаев, ішкі істер органдарының ардагерлері, қаладағы пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен білім беру ұйымдарының басшылары, қоғамдық көмекшілер мен белсенді жастар қатысты.
Кездесу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ полиция мен тұрғын үйді басқарушы ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері талқыланды. Форумға қатысушылар қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты түйткілді сауалдары мен мәселелерін ортаға салып, тараптар жан-жақты қамтылған жауаптарын берді. ПД басшысы өңірдегі жалпы криминогендік жағдайдың біршама тұрақтанғанын атап өтті.
– Жиында бізден қауіпсіз қоғам мен қауіпсіз аула құру бағытындағы ортақ міндет күтіліп отыр. Атырау облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар кешенді шаралар жүзеге асырылып, қылмыстың алдын алу, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және тұрғындармен байланыс нығайту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Дегенмен қауіпсіздік — тұрақты жетілдіруді қажет ететін үздіксіз процесс. Бүгінгі форумда серіктес компаниялар ұсынған жаңа технологиялар талқыланып, оларды қала мен аудандардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға тиімді пайдалану жолдары сөз болады. Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік те басты назарда — балалардың амандығы біздің ортақ жауапкершілігіміз. Тұрғын үй қауымдастықтары мен қоғамдық көмекшілердің еңбегі қоғамдық тәртіпті нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Бүгінгі форум барлық тараптың ұсыныстарын бір арнаға тоғыстырып, нақты іс-қимыл жоспарын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Жиын қорытындысында қоғамдық тәртіпті сақтауға белсенді атсалысқан азаматтар мен республика көлемінде өткен "Учаске" іс-шарасының қорытындысы бойынша бірқатар тәртіп сақшылары марапатталды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды сақтыққа шақырып, күдікті жағдайлар байқалған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабар беруді және жеке мүлікті қорғау үшін қажетті шараларды қолдануды еске салды.
