Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция азаматтарды жолда барынша сақ болуға шақырады

Полиция азаматтарды жолда барынша сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда өткен түні алғашқы қар жауды. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қала жолдарындағы жағдай туралы жүгінулер саны аз да болса артқан.

Алматы қалалық полиция департаментінің дерегінше, кешкі сағат 20:00-ден бүгін таңғы 06:00-ге дейін 58 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 9 адам жарақат алды, адам шығыны жоқ.

Алматы полициясы күшейтілген режимде қызмет атқарып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр. Патрульдік полиция экипаждары барлық шақыртуға жедел шығып, жол-көлік оқиғаларын рәсімдеуде және көшелерді қардан тазарту мен жолдарға арнайы өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқан коммуналдық қызметтерге көмек көрсетуде.

- Алғашқы қар әрқашан жол қозғалысы үшін сынақ. Жүргізушілерді ерекше мұқият болуға, қашықтықты сақтауға және жылдамдық режимін бұзбауға шақырамыз. Көлікті алдын ала қысқа дайындап, дөңгелектерді ауыстырып, техникалық жағдайын тексерген жөн. Егер автокөлік қысқы жолға дайын болмаса, сапардан бас тартқан дұрыс. Біздің басты мақсат – әрбір жол қозғалысына қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді Алматы қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру