Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында жас сақшылар криминалистика саласымен танысты

Арал ауданында жасөспірімдердің құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыру мақсатында тағылымды кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Арал ауданы полиция бөлімінің жедел-криминалистикалық тобының аға криминалисті Нартай Нұртаев Арал қаласындағы №71 мектептің Т.Қозыбаев атындағы "Жас сақшы" сыныбының оқушыларымен кездесіп, "Криминалистика" тақырыбында танымдық дәріс өткізді.

Кездесу барысында оқушылар криминалистиканың негізгі құралдары мен заманауи әдістерімен танысты. Тергеу барысында қолданылатын техникалық жабдықтар көрсетіліп, айғақтарды анықтау, зерттеу және қылмыс орнын модельдеу тәсілдері практикалық түрде түсіндірілді. Бұл оқушыларға криминалист мамандығының қыр-сырын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Дәріс кезінде Нартай Нұртаев криминалист мамандығының қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, криминалист — қылмысты ашу мен дәлелдеуде ғылыми әдістер мен арнайы техникалық құралдарды қолданатын білікті маман. Бұл мамандық тек айғақ жинаумен шектелмей, тергеудің ғылыми негізін қамтамасыз етіп, әділдіктің орнауына және қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуына ықпал етеді.

Саусақ іздерін анықтау, дәлелдемелерді зерттеу, сондай-ақ қылмыс орнын қайта құрастыру секілді әдістер оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, олардың құқық қорғау саласына деген ынтасын арттырды.

Мұндай танымдық кездесулер жасөспірімдердің ғылым мен заң саласына қызығушылығын арттырып қана қоймай, ерте кәсіби бағдар алуына да жол ашады. Кездесу соңында оқушылар болашақта құқық қорғау органдарында қызмет етуге болатынына көз жеткізіп, өздеріне пайдалы мол мағлұмат алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру