Павлодарда "Жас сақшы" сыныбының оқушылары полиция музейіне барды
Республика күні қарсаңында "Жас сақшы" полиция сыныбының оқушылары Павлодар облысы полиция департаментінің музейіне барып, өңір полициясының тарихымен және қызметтік дәстүрлерімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Экскурсия барысында оқушылар облыс полициясының қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы мәлімет алып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан қызметкерлердің еңбегімен танысты.
Жас сақшылардың ерекше қызығушылығын полиция қызметінің әр кезеңінен сыр шертетін музей экспонаттары оятты. Олар өткен жылдардағы погондар мен қызметтік киім үлгілерін көріп, есімдері мен ерліктері ішкі істер органдарының тарихында сақталған қаһармандар туралы білді.
Танымдық экскурсия оқушылардың білімін кеңейтіп қана қоймай, полиция қызметінің маңызын, ұрпақтар сабақтастығын және тәртіп сақшыларына жүктелетін жауапкершілікті тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Музейге бару жас сақшыларға туған өлке тарихын жақынырақ танып, өз өңіріне деген мақтаныш сезімін нығайтуға және заң мен қоғамға қызмет етудің мәнін ұғынуға жол ашты.
Мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырып, тарихқа құрметпен қарауға және полиция қызметіне қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
