Ақмола облысында балаларына алимент төлемеген ер жауапқа тартылды
Ақмола облысында балаларына алимент төлемеген ер жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысында "Цифрлық пробация" мобильді қосымшасы пробация қызметінің қызметкерлеріне сотталғандардың сот белгілеген шектеулерді сақтауын бақылауға және құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға көмектеседі.
Жүйе сотталғандардың геолокациясын бақылауға, биометриялық сәйкестендіру жүргізуге және олардың байланыста екенін растауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инспекторлар тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тексерулердің нәтижелерін де қосымшаға тіркейді.
"Цифрлық пробация" мобильді қосымшасының көмегімен пробация қызметінің қызметкерлері 68 құқық бұзушылықты анықтады. Оның 56-сы тұрғылықты жері бойынша болу кестесін сақтамауға байланысты.Осындай жағдайлардың бірі Бурабай ауданында тіркелді. 1972 жылы туған, бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталған азамат пробация қызметіне хабарламай, сағат 22:00-ден кейін тұрғылықты жерінен шығып кеткен.
Тексеру барысында инспекторлар ер адамды алкогольдік масаң күйде анықтады. Медициналық куәландыру оның масаң күйде болғанын растады.
Бұған дейін ер адам екі қызына ұзақ уақыт бойы алимент төлемеген. Соның салдарынан берешек мөлшері шамамен 8 миллион теңгеге жеткен. Сот оған бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, алкогольге тәуелділіктен мәжбүрлі емделуді және мәжбүрлі еңбекке тартуды міндеттеген.
Қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болғаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Жол берілген құқық бұзушылықтарды ескере отырып, пробация қызметі сотқа жазаның неғұрлым қатаң жазаға ауыстырылуы туралы ұсыныс енгізді. Бурабай аудандық соты ұсынысты қанағаттандырып, бас бостандығын шектеу жазасын 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды.
Бұл жағдай заманауи цифрлық технологиялардың пробациялық бақылаудың тиімділігін арттыратынын көрсетеді. Сот белгілеген талаптарды бұзу елеулі құқықтық салдарға әкеп соғуы мүмкін.
