Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

Қарағанды облысы Бұқар-Жырау ауданының Юрий Гагарин атындағы орта мектебінде "Жас сақшы" сыныбының салтанатты ашылуы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара 6–7-сынып оқушыларының ант қабылдау рәсімімен басталып, маңызды әрі тәрбиелік мәнге ие болды.

Полиция қызметкерлерінің нысандық киімін киген 34 оқушы өздерінің болашақ өмірін құқық қорғау саласымен байланыстыруға ниет білдіріп, мектеп ішіндегі тәртіпті сақтауға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, заң мен тәртіпке құрметпен қарауға серт берді.

Ант қабылдаған жас сақшыларды Қарағанды облысы полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығының орынбасары Ғабит Ділмағамбетов құттықтады:

- Бүгін облыста тағы бір "Жас сақшы" сыныбы ашылуына куә болып отырмыз. Бұған дейінгі осындай 8 сынып балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып, тәртіпке баулу мен құқық бұзушылықтың алдын алуға зор үлес қосқан болатын. "Жас сақшылар" - өзгелерге үлгі болатын, полицияның сенімді жас көмекшілері. Әрбір ант қабылдаған оқушы сертіне адал болсын, - деді ол.

Салтанатты рәсім барысында Ғабит Ділмағамбетов  мектеп әкімшілігіне, ұстаздар мен белсенді ата-аналарға Қарағанды облысы ПД бастығының Алғыс хаттарын табыс етті. Мектеп директоры Сағыныш Төлеуханова жобаның маңыздылығына тоқталып:

"Жас сақшы" сыныбы оқушыларды заң мен тәртіпке құрметпен қарауға, патриоттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізеді. Алдағы уақытта жас сақшылар ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, полиция қызметкерлерімен бірлесіп құқық бұзушылықтың алдын алады, - деді.

Ант қабылдау рәсімінен кейін сынып қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкері Рахат Адешовтың есімімен аталды. Ашылу салтанатына марқұмның жұбайы мен балалары қатысып, сыныпқа сый-сияпат жасады және батыр полицейдің өмір жолын жас ұрпаққа үлгі еткені үшін ризашылығын білдірді.

Іс-шара барысында жас сақшы Санжар Жанатов өз әсерімен бөлісті:

- Бүгін "Жас сақшы" қатарына қабылданып, ант беру — мен үшін үлкен мәртебе. Алдағы уақытта заң мен тәртіпті сақтауға өз үлесімді қосамын, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін "Жас сақшы" сыныбы Бұқар-Жырау ауданына қарасты Көкпекті орта мектебінде ашылған болатын. Алдағы уақытта осындай сыныптар ауданның өзге білім беру ұйымдарында да ашылады. Аудандық білім бөлімінің басшысы Ерғанат Ермек:

- Өскелең ұрпақ — еліміздің болашағы. Балаларды елін сүйетін, заңға құрметпен қарайтын патриот азамат етіп тәрбиелеу — басты мақсатымыз, — деді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру