Алматыда полиция мереке қарсаңында күшейтілген режимде қызмет етуде
Алматыда полиция мереке қарсаңында күшейтілген режимде қызмет етуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы полиция департаментінде қызметтер мен бөлімшелердің жеке құрамымен басшылықтың жұмыс кеңесі өтті. Кездесуде заңдылық пен қызметтік тәртіпті қатаң сақтау, сондай-ақ алдағы жаңа жыл мерекелері кезеңінде жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділғожа Құсайынов атап өткендей, жүктеме артатын кезеңде кәсібилік, сабырлылық және азаматтармен өзара қарым-қатынаста әдептілік аса маңызды.
– Мереке күндері еліміздегі ең ірі мегаполисте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша полиция қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан заңдылықты, қызметтік тәртіпті мүлтіксіз сақтау және азаматтармен сыпайы қарым-қатынас барлық тапсырмаларды орындауда басты басымдық болып қала беруі тиіс, – деп атап өтті Әділғожа Құсайынов.
Сондай-ақ жиын барысында қызметтер мен бөлімшелердің басшыларына жергілікті жерлерде жеке құраммен осындай жұмыс кеңестерін өткізу, мерекелік кезеңдегі қызмет атқарудың ерекшеліктерін, қойылатын талаптар мен міндеттерді жан-жақты түсіндіру қажеттігі ескертілді.
Полиция қызмет атқарудың күшейтілген режиімне көшірілді. Бұл шаралар жаңа жылдық мерекелер кезеңінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуге және қаладағы тұрақты ахуалды сақтауға бағытталған.
