Ақмола облысында полицейлер қатты аязда 10-нан астам жүргізушіге көмек көрсетті
Ақмола облысында полицейлер қатты аязда 10-нан астам жүргізушіге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аязды күндері жолдағы көмекке деген сұраныс айрықша артады. Дәл осындай ауа райында көлік құралдары жиі істен шығып, жүйелер қатып, техникалық ақаулар туындайды, ал көріну деңгейінің төмендеуі жол қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді. Осындай сәттерде жүргізушілерге полиция қызметкерлері көмекке келеді.
"Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақмола облысының полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, 24/7 режимінде патрульдік бағыттарынан шықпай, кез келген ауа райы жағдайында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол қозғалысына қатысушыларға көмек көрсетуде.
Ауа температурасы -25 градус болған кезде Виталий Забутский мен Ақыл Секенов жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Патрульдеу бағытын тексеру барысында олар Жақсы - Есіл - Бұзылық автожолының 53-шақырымында төтенше жағдайды анықтады.
Аяз бен қатты жел жағдайында жолдың жүріс бөлігінде Volvo жүк көлігі тоқтап қалған. Қатты аяздың салдарынан көліктің ауа жүйесі істен шығып, автокөлік жолды толық жауып, жол-көлік оқиғасының орын алуына нақты қауіп төндірді.
Полиция қызметкерлері жедел түрде қауіпсіздік шараларын қабылдады. Көлік қозғалысының қауіпсіз өтуін ұйымдастырып, қоршау қойып, жарқ шамдарын қосты. Ақауды жою үшін қызметкерлер ылғал бөлгіш сүзгіні тауып, сондай-ақ ұқсас Volvo көлігін тоқтатып, кабина көтеруге қажетті құралдарды сұратты, себебі зардап шеккен жүргізушінің арнайы кілті сынып қалған.
– Басты мақсатымыз – жол-көлік оқиғасына жол бермеу және күрделі ауа райы жағдайында адамдарға көмек көрсету болды. Көлік тура жолдың үстінде тоқтап қалды, күн қарая бастады, апат болуы мүмкін деп алаңдадық. Жүргізушіге барлық мүмкін тәсілмен көмектесіп, жағдайдың оң шешілуіне үміттендік. Бәрі сәтті аяқталды, – Виталий Забутский.
Бір ғана күннің ішінде полиция қызметкерлері 10-нан астам жүргізушіге көмек көрсетті. Кейбірін жақын маңдағы жылыту пункттеріне жеткізсе, енді біріне жанармай әкеліп берді, ал кейбірімен бірнеше сағат бойы жолда бірге болып, қиын сәтте қолдау көрсетті.
