Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада есептегі екі азамат маскүнемдіктен оңалту орталығына жіберілді

Қызылордада есептегі екі азамат маскүнемдіктен оңалту орталығына жіберілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.    

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде қазіргі таңда 600-ге жуық азамат тіркеуде тұр. Олардың арасында сот үкімімен маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделу міндеті жүктелгендер де бар.
Жуырда Қызылорда қалалық пробация есебінде тұрған екі азамат өз еріктерімен алкогольге тәуелділіктен емделу мақсатында Қызылорда облыстық наркологиялық орталығына жатқызылды. Бұл шешім азаматтардың жеке өтініштері негізінде қабылданған.

Пробация инспекторы Нұрзия Қыдырбекқызының айтуынша, аталған азаматтар ішімдікке тәуелділіктің салдарын түсініп, қалыпты өмірге қайта оралу үшін саналы түрде ем қабылдауға ниет білдірген. Қазіргі таңда олар наркологиялық орталықта тиісті тексеруден өтіп, емдеу шаралары басталды.

Сонымен қатар пробация қызметі тарапынан сотталған азаматтарға сот жүктеген міндеттер мен олардың құқықтары толық түсіндіріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Мұндай іс-шаралар азаматтардың қайта құқық бұзушылыққа жол бермеуіне және қоғамға бейімделуіне бағытталған.

– Маскүнемдік салдарынан өмірімде көптеген қателіктерге жол бердім. Енді Қызылорда облыстық наркология орталығында ем қабылдайтын боламын. Алдағы уақытта бұл тәуелділіктен толық арылып, қалыпты өмірге ораламын деп сенемін. Қоғамға қайта бейімделіп, жақындарыма зиян келтірмейтін жаңа өмір бастауға бар күшімді саламын, – дейді ол.

Пробация қызметінің басты мақсаты – есептегі азаматтарды бақылау ғана емес, олардың түзелуіне, әлеуметтік бейімделуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына ықпал ету. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру