Спорттан әлемдік рекорд жаңартқан ІІО ардегері
Спорттан әлемдік рекорд жаңартқан ІІО ардегері Мұрат Нұрғазин жайлы Polisia.kz сайты ақпарат ұсынады.
Мұрат Мырзағалиұлы Нұрғазин — қызмет пен спортты қатар алып жүріп, ел абыройын асқақтатқан бірегей тұлға. Ол ішкі істер органдарының ардагері ғана емес, сонымен қатар күштік спорт түрлерінен әлемдік деңгейде танылған даңқты спортшы.

Нұрғазин Мұрат Мырзагалиевич 1977 жылғы 14 мамырда Семей облысы (қазіргі Абай облысы) Аягөз ауданы Тарбағатай ауылында дүниеге келген.
1995 жылы 6636 әскери бөліміне мерзімді әскери қызметке шақырылып, ҚР Ұлттық ұланы қатарында Отан алдындағы борышын өтеді. Кейін осы әскери бөлімде келісімшарт негізінде қызметін жалғастырды.
2001 жылдан бастап ішкі істер органдарына ауысып, жеке құрамды арнайы-әскери және физикалық даярлау бағытында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды.
Ұзақ жылдар бойы адал қызмет етіп, 2016 жылы әділет майоры шенімен ҚР ІІМ Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінен зейнетке шықты. Қызмет барысында департаменттің аға жедел кезекші лауазымын атқарған. Қазіргі таңда ішкі істер органдарының ардагері.

Қызметпен қатар Мұрат Нұрғазин спортта да теңдессіз жетістіктерге жетіп, қазақ елінің атын әлемге танытты. Ол — армлифтинг спортынан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ.
Күштік спорт түрлерінен (армлифтинг, пауэрспорт) әлемнің 10 дүркін чемпионы, Азияның 18 дүркін, Еуропаның 6 дүркін чемпионы. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия мен Еуропаның 6 дүркін рекордшысы, әлем рекордының 6 дүркін иегері.
Сондай-ақ грек-рим күресінен спорт шебері, қоян-қолтық ұрыстан сертификатталған жаттықтырушы, марафоншы. Күштік спорт түрлерінен (армлифтинг, пауэрспорт) "Алтын белбеу" иегері. IPAF, НАП, WPSO сынды бірнеше федерация бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына ие.
Жуырда Мұрат Нұрғазин тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол денесіне 100 келі бетон блок қойып, оны сындыру арқылы жаңа әлемдік рекорд жаңартты. Бұл аса қауіпті әрі бірегей нөмірді өткен ғасырда күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы орындаған.
Араға бір ғасыр салып, оның ізбасары атанған Мұрат Нұрғазин осы трюкті қайта жаңғыртып, әлемдік рекордты ресми түрде тіркеді. Экстремалды спортшы бұл жетістігін Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдығына арнады.
Мұрат Нұрғазин — тәртіп пен табандылықты, отансүйгіштік пен қайсарлықты өмірлік ұстанымына айналдырған тұлға. Оның қызметтегі адалдығы мен спорттағы жеңістері жас ұрпақ үшін нағыз үлгі.
